(Аймақтар үшін)193
(Алматы қ. үшін) 2 581 500
Call-орталыққа тегін хабарласыңыздар

Солтүстік Қазақстан облысы толығымен цифрға көшті

Енді Солтүстік Қазақстан облысының елді мекендерінің тұрғындары отандық телеарналарды цифрлық пішімде көре алады. «Қазтелерадио» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары –Коммерциялық директоры Дальмира Шигаева хабарлағандай, бүгінгі күні Петропавл қаласында цифрлық эфирлік хабар тарату желісі арқылы стандартты сападағы 26 телеарна, 24 бағдарлама және жоғары айқындықтағы екі бағдарлама – «Хабар HD» және «QAZSPORT HD» таратылады. Сондай-ақ, Дальмира Шигаева өз сөзінде цифрлық телевизияның артықшылықтары және оған қалай қосылуға болатыны туралы айтты.

«Аналогтан» айырмашылығы, цифрлық телевизияда кедергілер мүлдем болмайды, кескін үзілмейді, дыбыс жоғалмайды. Сонымен қатар, халыққа қолжетімді телеарналар саны артып келеді, облыс орталығының тұрғынына 30 шақты, ал облыс орталығынан төмен елді мекендерде 15-ке жуық телеарна қолжетімді. Цифрлық телевизияға қосылу өте оңай, ол үшін теледидардың DVB-T2 цифрлық хабар тарату стандартын қолдайтынына көз жеткізгеннен кейін абонент дециметрлік антеннаны қосса жеткілікті. Егер теледидарлар қажетті стандартты қолдамаса, онда цифрлық сигнал қабылдағыш сатып алу қажет», – деді Далмира Шигаева.

Өз кезегінде Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек жобаны іске асыру аясында жергілікті атқарушы органдар атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларды цифрлық сигнал қабылдауға арналған қабылдағыштармен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта 522 отбасына цифрлық телехабар тарататын қабылдағыштар берілген, тағы 154 отбасы телевизиялық абоненттік қабылдағыштармен қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ, ол жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары туралы айтып берді.

«Цифрлық эфирлік телехабар таратуға көшу аясында облыс әкімдігі «Қазтелерадио» АҚ Солтүстік Қазақстан филиалымен бірлесіп, халық арасында цифрлық эфирлік хабар таратуға көшудің қажеттілігі және оның артықшылықтары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 2020 жыл бойы өңірлік телеарналардың эфирінде ақпараттық бейнероликтер көрсетілді, баспа басылымдарында ақпараттық материалдар, мақалалар мен сұхбаттар, интернет ресурстарда жаңалықтар жарияланды», – деді Дәурен Жандарбек.

Сөз соңында Әкімнің орынбасары өңірде жаңа сапаға көшу бойынша жұмыстар 2013 жылдан бастап жүргізіліп жатқанын, жалпы СҚО аумағында облыс халқының 98,3%-ін қамтитын 42 радиотелевизиялық станция салынып, жаңғыртылғанын, бұл шамамен 537 000 адам тұратын 617 елді мекен екенін айта кетті. Өңірде жер бедерінің ерекшеліктеріне байланысты цифрлық хабар таратумен қамтылмаған 18 елді мекен қалып отыр. Осыған байланысты, облыс әкімдігі «Қазтелерадио» АҚ-мен бірлесіп осы елді мекендерді OTAU TV жерсеріктік телевизиясына қосу жұмыстарын жүргізуде.

Цифрлық эфирлік телехабар таратуға көшу жөніндегі жобаны іске асыру Қазақстанның ортақ контенті нарығында отандық телеарналардың хабар тарату үлесін ұлғайтады және халықтың елдің ақпараттық ресурстарына тең құқықты кепілді қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында аналогты телерадио хабарларын таратуды толық өшіру мақсатында 827 радиотелевизиялық станцияның құрылысын салып, жаңғырту қажет. Қазіргі уақытта халықтың 91,11%-ін цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратумен қамтитын 546 радиотелевизиялық станция пайдалануға берілді. Цифрлық эфирлік телехабар таратуды енгізу жобасын аяқтау 2022 жылға жоспарланып отыр.